Түрксібтің салынуының Қазақ теміржолы тарихындағы орны ерекше маңызды. 1926 жылы РСФСР Еңбек және қорғаныс кеңесі Арыс пен Семей станциясын жалғастыратын теміржол салу туралы қаулы қабылдады. Бұл қаулыда Луговая станциясы мен Пішпекті (Қазіргі Бішкек) қосатын теміржол тармағын салу да қарастырылды.
РСФСР Халық комиссарлары кеңесі 1927 жылы 2 наурызда «Түркістан – Сібір магистралының құрылысы туралы» жарлық шығарды. Бұл теміржолдың құрылысы екі жақтан жүзеге асырылатын болды. Ал, 1927 жылдың сәуір айында Бүкілқазақстандық Кеңестер съезі республика астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы шешім қабылдады. Әкімшілік мекемелерін көшіру Түрксіб теміржолы құрылысының жедел қолға алынуына түрткі болды.
Түрксіб құрылысының маңызын ескеріліп, РСФСР Халық комиссарлары кеңесі құрамында магистраль құрылысы бойынша комитет құрылды. Оның төрағасы болып Халком кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов тағайындалды. Дәл осындай комитет Қазақстанда да құрылды.
1927 жылдың 15 маусымында Түрксібтің солтүстік учаскесінің шеткі нүктесі Семей станциясынан оңтүстікке қарай, 1927 жылдың 2 қарашасында Луговая станциясынан солтүстік бағытқа қарай теміржол құрылысы басталды.
1927 жылы 21 қарашада Луговая станциясында Түрксіб құрылысының басталуына арналған салтанатты митингі өтті. Ұлы құрылыстың бастығы болып тағайындалған Владимир Сергеевич Шатов жиналған қауымға Мәскеуден келген телеграмманы оқып берді. Онда Түрксіб құрылысына жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау болса, құрылысшылар өздеріне жүктелген жауапты міндетті дер кезінде орындап шығатынына сенім білдіргендігін жеткізді. Содан соң теміржолдың маңызы туралы құрылыс комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов айтып берді.
Алғашқы кезде жергілікті халық жер қазу, топырақ тасу сияқты қара жұмысқа жалданды. Қарапайым жұмысшы кәсібіне үйренді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған маман бір мүддеде жұмыс істеді. Олардың әрқайсысы осы ұлы құрылысқа өз үлесін қосқанын мақтан тұтты. Уақыт өте келе теміржол құрылысын игерген ұлттық кадрлар қалыптаса бастады. Олар негізінен теміржол жұмысшысы, жол құрылысы шеберлері болатын. Құрылыс барысында еңбек ұжымдары арасында бәсекелесе жұмыс істеу бойынша жарыс қызды.
Жалпы ұзындығы 1445 шақырым Түрксіб солтүстікте Омбы теміржолының Семей станциясымен, оңтүстігінде Орта Азия теміржолымен жалғасатын Луговая станциясымен шектесіп жатты. 3 жылға созылған Түрксібтің құрылыс жұмысына 175 млн рубль жұмсалды.
Теміржол салынатын оңтүстік учаскесінің кей жерінде жаздыгүні ыстық +60ºС градусқа, солтүстік учаскеде қыстыгүнгі суық –50ºС аязға дейін жететін. Жұмыс қызған кезде Түрксібте 40 мыңдай адам еңбек етті.
Түрксібтің салынуы қолжетімді де, сенімді көлік қызметін қамтамасыз ету арқылы орасан зор аймақтың табиғи байлығын игеруге оның экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дамуына оң ықпал етті. Сонымен қатар, Түрксіб қазақ даласында жұмысшы класын қалыптастырды.
1930 жылы 1 мамырда Айнабұлақ станциясында Түрксібтің оңтүстік және солтүстік учаскелерін жалғастыратын «Алтын қада» қағылып, құрылыс жұмысы белгіленген мерзімінен 540 күнге ерте аяқталды. Сол жылы Түрксібтің өне бойында пойыз қозғалысы ашылды. Құрылысқа қатысқан жұмысшының көбі теміржол магистралі бойындағы түрлі жұмысқа орналасты.
Алғашқы теміржолшылар Түрксібтің өздері үшін ғана емес, болашақ үшін өте маңызды екендігін түсініп, отбасымен түгелдей теміржолға жұмысқа орналасып, мамандықты игеруді қолға алды. Аталары мен әкелерінің жолын қуған балалары теміржолшылар әулетін қалыптастырды. Қазіргі кезде сол теміржолшылардың шөбере, шөпшектері Түрксібте жұмыс істеп, тәуелсіз Қазақстанның экономикасын нығайтуға өз үлестерін қосып жүр.
Сол жылдарда теміржол салумен қатар, жаппай сауат ашу курстары ашылды. Одан кейін Семей мен Алматыда техникалық, кәсіби-техникалық училищелер ұйымдастырылып, теміржолға қажет маман даярлау бойынша: бағыттамалық бұрмашы, станция кезекшісі, вагоншы, слесарь, паровоз машинисі, т.б. сияқты мамандықтарға оқыту қолға алынды.
1930 жылдың 1 мамырында РСФСР Халком кеңесінің БОАК іске қосылған Түрксіб теміржолы үшін Алматы қаласында жұмысшы және орта буын маман даярлайтын көлік политехникумын ашу туралы № 3932 қаулы қабылдады.
Оқу орны құрамында: «Теміржол құрылысы, теміржол және теміржол шаруашылығы», «Паровоз», «Қозғалмалы тартым шаруашылығына техникалық қазмет көрсету және жөндеу» бөлімдері ашылатын болды.
1930 жылы 10 қазанда Алматы көлік политехникумы ашылды. Ал, сол жылдың 7 желтоқсанында жаңадан ашылған оқу орнына қабылданған 150 оқушы үшін сабақ басталды. Оларға 19 оқытушы ұстаздық етті.

Оқу орнының қалыптасуы
Алғашқы кезде сабақ аяқ киім фабрикасы ғимаратында өтіп жүрді. Жабдықталған 7 оқу кабинеті бар жаңа оқу ғимараты 1932 жылдың ақпан айында салынып бітті. Ғимараттың ішіндегі басқа бөлмелер оқу аудиториясы ретінде пайдаланылды. Қысқа уақытта механикалық, слесарлық, темір, ағаш ұстаханасы цехтары, оқу шеберханасы ұйымдастырылды.
Оқу құралы, көрнекі құрал жетіспеушілігіне қарамастан, ол кездегі оқушылардың оқуға құлшынысы өте жоғары болатын. Өндірісте жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап келген оқытушылардың ізденісі нәтижесінде жыл өткен сайын оқу кабинеттерінің жарақтандырылуы жақсара түсті. Дәріс оқу, практикалық сабақ – оқу үрдісінің негізіне айналды. Техникум оқушылары үшін өндірістік практика енгізілді. Жаңа құрал-жабдық алып, ескісін жөндету үшін арнайы қаржы бөлінетін болды. Оқу зертханалары құрылды.
1940 жылы наурыз айынан бастап Алматы политехникумының атауы Алматы теміржол көлігі техникумы болып өзгертілді. Оқу орнының дамуына әр кезеңде оқытушылар мен шеберлер, бірінші басшылар айтулы үлес қосты.
Әр жылдарда техникумға бастық, директор болған адамдардың әрқайсысы оқу-тәрбие үрдісін, білім беру сапасын арттыруға өзіндік үлесін қосты, оқушылар мен оқытушылардың мұң-мұқтажына қамқорлық жасады.
Оқу орны Ұлы Отан соғысы жылдарында
1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы – Совет Одағы халқына қайғы-қасіреті мол қатал сын болды. Әр бесінші қазақстандық соғысқа аттанды. Солардың қатарында Алматы теміржол техникумының оқытушылары мен оқушылары да бар еді.
Жаумен жан аямай күрескен техникум оқытушылары мен түлектері арасынан ерлігімен ерекшеленген: В. Медоногов, К. Климов Совет Одағының Батыры атанды, Боровков В.И., Бондарев В. М., Капленкин А.Ф., Никитин В.И., Павлов Н.С., Емельянов П.Г., Мугенов Г.Г., Антонов Н.Б., Федосов Д.Е., Петелин А.М., Котылевский Я.А., Костылевский Л. А., Сафронова А.И., Морозов П.А., Андреев А.А., Дмитровский В.И., Мансұров Р.Ш. және басқалары майдан даласында ерлікпен қаза тапты.
Соғыс қанша қатерлі болса да техникумда оқу тоқтаған жоқ. Ел «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен оқып, жұмыс істеді. Алматы теміржол көлігі техникумы жанынан «локомотив машинисінің көмекшісі» екіжылдық курсы соғыс басталардан бұрын ашылған болатын. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін Ресейдің батыс бөлігі мен Украина, Беларуссиядан эвакуацияланған зауыт, фабрикалар, мектеп, училищелер Қазақстанға пойызбен жеткізілді.
1941 жылы 6 қарашада Харьковтан жеткізілген екі зауытпен бірге №5 Харьков теміржол училищесі оқушылары да көшіріліп әкелінді. ССРО Жол қатынастары министрлігінің №167 бұйрығымен №5 Харьков училищесінің атауы №9 Алматы теміржол училищесі болып өзгертілді.
Училищеге алғашқы жылы 88 оқушы қабылданды. Оқу орнының директоры болып Манкин Н.Г. тағайындалды. Училище паровоз машинисінің көмекшісі, паровоз, вагон, ұшақ жөндейтін слесарь, токарь, темір ұстасы мамандығы бойынша оқытты.
Оқытушылар мен оқушылар автоматшы, пулемётші, миномётші, сапёр, теміржолды қалпына келтіру технигі сияқты әскери мамандықтарды игерді. Сабақтан тыс уақытта оқушылар автомашина, паровоз, вагон жөндеп, танкке қарсы қолданылатын гранатаның бөлшектерін жасаумен айналысты. Жаудан олжаланып алынған паровоз оқу орны оқушыларының күшімен жөнделіп, қайта іске қосылды. Бұдан басқа, ұшақ, паровоз жөндеп, әскери және халық шаруашылығы жүгін тасымалдауға өз үлестерін қосты. Соның нәтижесінде училищенің аты Қазақстанға ғана емес бүкіл Совет Одағына мәлім болды. 1972 жылы училище орта білім беретін оқу орнына айналып, оған «28 гвардияшы-панфиловшылар» аты берілді (ГПТУ -48, СПТУ-4).
Соғыс аяқталғаннан кейін техникум біртіндеп қалыпты жұмыс істеуге көшті. Оқушылар толық бағдарлама бойынша оқуға кірісті. Майданнан оралған оқытушылар оқу орнының материалдық-техникалық базасын жетілдіруге құлшына кірісті.
1945 жылы техникум негізінде Алматы қаласында орналасқан арнайы орта білім беретін 15 оқу орнының әдістемелік бірлестігінің ашылуы атаулы оқиға болды. Жыл өткен сайын әдістемелік бірлестік құрамы арта түсті. Оның мүшелігіне қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қабылданды.
Оқу орнының даму кезеңі
1947 жылдан техникум құрамында үшжылдық «машинистер мектебі» жұмыс істей бастады. Соғыс жылдарында тозып кеткен ғимаратқа жөндеу жүргізілді. Жалпы білім беретін, металдар технологиясы, ОКЖД, ТПТ, вагон шаруашылығының жанармай, су, жағармай технологиясы, электротехника және басқа пәндер бойынша оқу кабинеттері құрылды.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жоспары бойынша 1945–1955 жылдарда жаңа теміржол тармақтары салынып, станциялар дамытылды. Жаңа техника келе бастады. Қуаты төмен ескі паровоздар пойыз салмағы мен жол жағдайына лайықталған жаңа паровоздармен ауыстырылды. 1952 жылы Қазақ теміржолына жаңа буын ТЭ-1, ТЭ-2 тепловоздары келе бастады. Елімізге жаңа техникамен жұмыс істей алатын білікті мамандар қажет болды. Осыған орай техникумның оқу базасын талапқа сай жаңғырту қолға алынды.
1955 жылы оқу орнында оқу зертханаларын қоса есептегенде 19 кабинет ұйымдастырылды. 1956 жылы өндірістен қол үзбей оқитын сырттай оқу бөлімі ашылды. 1958 жылы Қазақ теміржолы құрылды.
1960 жылы техникум ауласында бүгінгі күнге дейін «жұмыс оқу полигоны» салынды. 1967 жылы Алматы қаласындағы оқу орындары арасында ең үздік болып саналатын спорт залының ғимараты пайдалануға берілді.
1960-1980 жылдарда біртұтас Қазақстан теміржолы қалыптасты. Теміржолда басталған техникалық қайта құру мамандардан озық технологияны меңгерген жоғары кәсіби білімді талап етті. Осыған байланысты оқу орнының материалдық-техникалық жабдықталуына Қазақ теміржолына әр жылдарда басшылық жасаған Құдайберген Көпжасаров, Нығметжан Есенғарин, Амангелді Омаров, Қалтай Сәмбетов сияқты көрнекті теміржолшылар көп қамқорлық жасады.
1980 жылы техникумның құрылғанына 50 жыл толу мерейтойы атап өтілді. Осы уақыт аралығында оқу кабинеті мен зертханаларын көрнекі құралмен жабдықтау бойынша көп жұмыс атқарылды. 1970 – 1980 жж. негізгі оқу корпусына жалғастырыла салынған ғимарат пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде оқу кабинетінің саны көбейіп, акт залы, асхана іске қосылды. Оқытушылар ұжымының біліктілігі артты, техникум түлектерінің білім сапасы жақсарды. Сол жылдарда оқу орнында әріптестері күні бүгінге дейін үлгі тұтатын: Баймұхамбетов Қ.С., Латипов К.С., Байшапанова К.А., Шұлғауов Т.Т., Сүлеймен Т.А., Ахметов А.Ж., Гездо А.С., Тоқтамысов Б.А., Әубәкірова В.П., Беззубова Н.А., Николаев В.С., Райымқұлов Д.Д., Бойко А.И. және басқа ұстаздар еңбек етті.
Оқу орны Социалистік Еңбек Ері К.М. Мұхамеджанов, ҚР Сенатының депутаты, құрметті теміржолшы Ж.С Төрегелдинов, РФ Ғылымдарының еңбек сіңірген қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Э.Е. Сон, техника ғылымдарының докторы, профессор С.И. Нүсіпбеков, аталған оқу орнын ұзақ жыл басқарған Қ.С. Баймұхамбетов, салалық теміржол кәсіподағының төрағасы Е.Е. Қарсыбаев, Алматы және Тың теміржолының бастығы болған Е.Б. Боранбаев, Қырғыз теміржолының бастығы болған Н.И. Қожабеков, Алматы теміржолының төрағасы, құрметті теміржолшы М.Е. Бисембиев, теміржолшылар кәсіподағы ОК төрағасы болған Б.Е.Шубин, теміржолшылар кәсіподағы Алматы филиалының төрағасы болған А.Н. Нақысбеков, Алматы жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасары болған М.Н. Шарубеков сияқты түлектерін мақтан тұтады.
1983 жылы оқу орнында темір жол мамандықтары бойынша «Республикалық оқыту-әдістемелік бірлестігі» құрылды.
Оқу орнының өркендеу кезеңі
1986 жылы Алматы теміржол көлігі техникумының директоры болып Баймұхамбетов Қуандық Сейсембайұлы тағайындалды. Осыған дейін оқу орнында оқу шебері, оқытушы, кәсіподақ ұйымының төрағасы, директордың орынбасары болып тәжірибе жинақтаған ол ауызбіршілікті ұжым қалыптастырды. Ұстаздардың ұрпақтан ұрпаққа мұра болған шеберлік мектебі орнады. 1995 жылы Алматы теміржол көлігі техникумы атауы Алматы көлік және коммуникациялар колледжі болып өзгертілді. 1997 жылы колледж құрамында техникалық лицей ашылды. Ал, бір жылдан кейін колледж негізінде техникалық мектеп (теміржол училищесі) болып өзгертілді.
Нарықтық экономикаға көшуге байланысты білім беру жүйесі де реформаланды. Колледждегі оқу үрдісін басқарудың жаңа формасы мен әдісі бойынша іздену, тәжірибелі де, білікті оқытушыларды сақтап қалу, материалдық-техникалық базаны тиімді пайдалану маңызды мәселеге айналды.
1980-2000 жж. оқу орнының материалдық-техникалық базасы жетілдіріле түсті. Білім беру сапасы жақсарды. Оқу орны ұжымы маман даярлаудағы қол жеткен жетістігі үшін Қазақ ССР Үкіметі және ССРО ЖҚМ грамоталарымен марапатталды. Осы уақыт аралығында колледж білім беру қызметінде Алматы қалалық Білім басқармасы тарапынан бірнеше мәрте тексеруден өтіп, теміржолға жұмысшы және орта білімді техник даярлау бойынша уақыты шектелмеген лицензия алды.
2001 жылы колледж Алматы қаласы бойынша ең үздік колледж болып танылды. 2008 жылдың 18 шілдесінен бастап колледж Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжі болып аталатын болды.
Ұжым мүшелері күшімен жүйелі жүргізілетін оқу-педагогикалық, тәрбиелік, ғылыми-зерттеу жұмысы қорытындыланып, оқытушылардың озық тәжірибесі ретінде оқу үрдісіне енгізілді.
Оқытушылардың ғылыми-әдістемелік біліктілігін арттыруға колледжде жүйелі ұйымдастырылатын курс, тұрақты түрде өткізілетін педагогикалық оқу, кәсіби шеберлік конкурстары, аттестациялау оң ықпал етуде. Кәсіби шеберлік арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылатын педагогикалық оқулар дәстүрге айналды.
Республикалық білім беру мекеме басшылары және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін жетілдіру институты Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжінің инженер-педагогтері ұжымына мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру курсын табысты түрде ұйымдастырғаны үшін жыл сайын алғыс айтып, еңбектерін атап өтіп жатады.
Спорт саласы бойынша колледж құрама командасы қала колледждері арасында ұйымдастырылатын қалалық спартакиадаларда жалпы командалық есеп бойынша жыл сайын жүлделі орындарға ие болып келеді.
Оқушылардың оқуға, оқытушылардың нәтижелі еңбекке қызығушылығын арттыру мақсатында жыл сайын колледжде «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік оқытушы», «Үздік оқу кабинеті», «Үздік бөлімше меңгерушісі», «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» сияқты конкурстар өткізіліп тұрады.
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің еңбек нарығы сұранысына сай білікті кадр даярлау міндетін ойдағыдай шешу үшін үнемі іздену қажет. Осы мәселеде колледж ұжымының жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс істеуі маңызды болып табылады. Оқу үрдісі барысында өндірісте пайдаланылатын ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесі мен озық технологиялық әдісті қолдану маман даярлау сапасын жақсартуға септігін тигізуде. Осыған байланысты колледж оқытушылары курстық жұмыс, дипломдық жоба, зертханалық-практикалық сабақ, бақылау жұмысын орындау бойынша әдістемелік нұсқама жазып дайындады. Арнайы пәндер бойынша әр деңгейлі тапсырма, тест материалдарын құрастырды. Жекелеген оқытушылар мультимедиялық көрсетіліммен қосталған электронды дәріс жасау бойынша еңбектеніп жүр. Нәтижесі өте жақсы. Арнайы пәндер бойынша оның мазмұнын қазіргі кездегі материалдармен толықтырып, видиотекасын байыту ұйымдастырылуда.
Оқу орнында 1986–2014 жж. директор болған Қуандық Сейсембайұлы оннан аса оқулық пен оқу құралының авторы, экономика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық көлік академиясының академигі, Алматы қалалық мәслихатына бірнеше мәрте депутаты болған белгілі ұстаз.
Қуандық Сейсембайұлының теміржол мамандарын даярлаудағы ұстаздық еңбегі мен тәлімгер ретіндегі қол жеткізген жетістігі лайықты бағаланып: ҚР «Құрмет» орденімен, «Құрметті теміржолшы» атағымен, «ҚР білім беру саласының үздік қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне – 10 жыл», «Астанаға –10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», П.П. Мельников атындағы медальдармен марапатталды.



Тарихи даталар

1930 жылы 1 мамырда РСФСР Халық комиссариаты БОАК Түркістан – Сібір теміржолының салынуына байланысты Алматы қаласында көлік политехникумын ашу туралы № 3932 қаулы қабылдады.
•1930 жылы 7 қарашада жаңа оқу орнының алғашқы сабағы аяқ киім фабрикасы ғимаратында басталды.
1932 жылы ақпан айында жаңа оқу корпусының құрылысы аяқталды.
1935 жылы оқу орнын алғашқы 17 түлек техник-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шықты.
1940 жылы жұмыс істеп тұрған құралдармен жабдықталған оқу зертханасы құрылды.
• 1940 жылы наурыз айында Алматы көлік политехникумы атауы Алматы теміржол көлігі техникумы болып өзгертілді.
•1941 жылы 6 қарашада Харьковтен эвакуацияланған екі зауытпен бірге №5 Харьков теміржол училищесінің оқушылары Алматыға көшіп келді. №167 бұйрық бойынша №5 училище № 9 Алматы теміржол училищесі болып өзгертілді.
• 1943 жылы «Теміржол көлігіндегі тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» бөлімін алғашқы 54 түлек бітіріп шықты.
• 1945 жылы Алматы теміржол көлігі техникумы негізінде Алматы қаласында орналасқан 15 техникумның әдістемелік бірлестігі құрылды.
• 1945 жылы «Теміржол құрылысы, теміржол және теміржол шаруашылығы» бөлімін 212 түлек бітіріп шықты.
1947 жылы «Вагон шаруашылығы» бөлімі құрылды және үшжылдық «машинистер мектебі» ашылды.
• 1951 жылы «Вагон шаруашылығы» бөлімін алғашқы түлектері бітірді.
• 1952 жылы Қазақстанға алғашқы ТЭ-1, ТЭ-2 тепловоздары келе бастады.
• 1955 жылы зертханаларды қоса есептегенде жабдықталған 19 оқу кабинеті құрылды.
• 1956 жылы «Өндірістен қол үзбей оқытатын сырттай оқу» бөлімі ашылды.
1959 жылы «Автоматика, телемеханика және байланыс» бөлімі ашылды.
1960 жылы техникум ауласында оқу полигоны салынды.
1964 жылы «Теміржол көлігіндегі бухгалтерлік есеп» бөлімі ашылды.
1965 жылы «Автоматика, телемеханика және теміржолдағы басқару» бөлімін алғашқы 20 түлек бітіріп шықты.
1967 жылы техникумның спорт залы пайдалануға берілді.
1972 жылы №9 Алматы теміржол училищесі орта арнаулы білім беруге ауыстырылды және оған 28 гвардияшы-панфиловшылар аты берілді.
• 1982 жылы «Теміржол көлігіндегі тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» бөлімі қайтадан өз алдына бөлініп шықты.
• 1983 жылы «Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі» құрылды (РОӘБ).
1984 жылы «Теміржолдың электромеханикалық жүйесін электрмен жабдықтау, пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу» бөлімі ашылды.
• 1995 жылы Алматы теміржол көлігі техникумының атауы Алматы көлік және коммуникациялар техникумы болып өзгертілді.
1997 жылы техникумның жанынан техникалық лицей ашылды.
•1997 жылы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы №9 Алматы теміржол училищесі Алматы көлік және коммуникациялар колледжі құрамына кірді.
•1998 жылы оқу орны құрамында «кәсіби-техникалық мектеп» (теміржол училищесі) және «жол-техникалық мектеп» ашылды.
• 2001 жылы Алматы көлік және коммуникациялар коледжі Алматы қаласы бойынша ең үздік болып танылды.
2005 жылы оқу орны өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өтті.
2008 жылы 18 шілдеден бастап оқу орны Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжі болып аталатын болды.
• 2020 жылы оқу орны өзінің 90 жылдық мерейтойын онлайн форматында атап өтті.

Оқу орнының басшылары
Оқу орнына басшы болған адамның әрқайсысы әр кезеңде оның өркендеуіне өз үлесін қосты. Соның нәтижесінде оқу орны бүгінде елімізге танымал білім ордасына айналды. 1930 –1933 жж. Алматы көлік политехникумының алғашқы бастығы болған Н. Г. Манкин – педагогикалық техникум түлегі. Оқу бітіргесін, «Бостандық туы» газетінде, «Жас қазақ» журналында қызмет істейді. 1928–1930 жж. Қазақ өлкелік жасөспірімдер мектебінің меңгерушісі, Қазақ АССР Оқу комиссариатының секретариат меңгерушісі қызметін атқарады. 1930 жылы қазан айында Алматы көлік политехникумына директор болып тағайындалады.
Н.Г. Манкин оқу орнын оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, оқытушы іріктеу, оқу ғимараты, тақта, парта, т.б. көптеген мәселелерді өзі тікелей араласып шешіп отырды. Оның басшылығымен оқу ғимараты, цех пен шеберхана, жатақхана құрылысы қолға алынды. Соның нәтижесінде 1932 жылы ақпан айында 7 оқу кабинетін қамтитын оқу ғимараты іске қосылды. Басқа бөлмелер оқу аудиториясы ретінде пайдаланылды.
Оқу корпусының жалпы ауданы – 2700 м², оның ішінде оқу кабинетінің жалпы ауданы – 578 м², аудиторияның жалпы ауданы –1300 м², спорт залының ауданы – 120 м² болды. Оқу шеберханасы құрамында: ағаш цехы, слесарлық цех, механикалық цех, темір ұстаханасы цехы болды. Алғашқы оқу жылында: паровоз шаруашылығы, жол шаруашылығы, теміржол көлігіндегі жоспарлау, техникалық және жүк станциялары, электрмен жабдықтау және электр шаруашылығы, металдарды суық күйінде өңдеу, пойыз тартымы және жылу техникасы мамандықтары бойынша жалпы саны 150 оқушы оқыды.
Ұйымдастырушылық қабілетімен, білімді, білікті қызметкер ретінде көзге түскен Н.Г. Манкин 1933 жылы БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің өндіріс-көлік бөлімінің сектор меңгерушісі, одан кейін нұсқаушы, бөлім бастығының орынбасары қызметіне өсірілді. 1936–1937 жж. БКП(б) Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы, 1937 жылы БКП(б) Қарағанды облыстық комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. Осы жылдарда ол ССРО ІІХК (НКВД) бұйрығы бойынша құрылған ерекше үштік құрамында сталиндік репрессияға белсенді түрде атсалысады. 1937 жылы күзде Қазақ ССР Халықтық оқу комиссары болып тағайындалады. 1937–1938 жж. Қазақстан КП(б) Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы міндетін атқарушы, 1938–1939 жж Алматы қалалық кеңесінің хатшысы қызметін атқарған адам.
Давыдов Константин Ионович 1937 жылы қараша айында Алматы теміржол көлігі техникумының бастығы болып тағайындалады. Еңбек жолын паровоз машинисінің көмекшісі болып бастаған ол 1925–1930 жж. Ашхабад политехникалық мектебінде оқиды. Одан кейін БЛКЖО аудандық комитетінің хатшысы қызметін атқарады. 1931 жылы ТашТЖКИИ оқуға жіберіледі. Оқу бітіргеннен кейін Түрксіб теміржолына жолдама алады. Депода паровоз жөндеу бригадирі болып жұмыс істейді. 1937 жылы теміржол басшы кадрлары курсының бастығы, күзде Алматы теміржол көлігі техникумының бастығы болып тағайындалады.
1943 жылы Түрксіб теміржолы бастығының бұйрығымен маман даярлауға қосқан үлесі үшін «Сталин үндеуінің екпіндісі» төсбелгісімен, 1944 жылы ССРО ЖҚМ «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен, 1945 жылы ССРО Жоғарғы Советінің «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1946 жылы соғыс жылдарында автоматшы, мерген дайындаудағы еңбегі еленіп «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
Соғыс жылдарында техникум қабырғасында 626 шаңғышы, 11 автоматшы, 75 пулемётші, 107 миномётші, 60 гранат атушы дайындалады. Оқушылар сабақтан тыс уақытта танк бөлшектерін құрастырып, паровоз жөндеумен айналысады. Осының бәрі өте үлкен жауапкершілікпен жүзеге асырылады. Константин Ионович Давыдов 1946 жылы мамыр айында Орта Азия теміржолының кадр дайындау және мектеп бөлімінің бастығы қызметіне ауыстырылады.
Старикович Николай Петрович 1947–1959 жж. оқу орнының бастығы болды. Ол 1941 жылдан техникумда сабақ берген тәжірибелі оқытушы ретінде жүйені жақсы білетін маман еді. Оның басшылығымен оқу орны аз уақытта Қазақстан мен Орта Азия республикалары техникумдары арасында ең үздік болып теміржол көлігі мамандарын даярлауда өте жақсы табысқа қол жеткізеді.
1947 жылы техникум құрамында үшжылдық «машинистер мектебі» құрылды. 1955 жылы оқу орнында 19 оқу кабинеті, зертхана болды. 1956 жылы «өндірістен қол үзбей оқитын сырттай оқу» бөлімі ашылды.
Стариковичтің еңбегі лайықты бағаланып, «1941-1945 жж Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен, «Сталин үндеуінің екпіндісі», «Үздік жол жөндеуші» төсбелгісімен марапатталады.
Старикович Николай Петрович 1933 жылы Смоленск жол қатынастары құрылыс техникумын, 1946 жылы Москва ТЖКИИ бітірген. 1936 жылдан бастап Түрксібтің орта арнаулы техникалық оқу орындарында оқытушылық қызметте болған. 1959 жылы Старикович Н.П. Белоруссия теміржол көлігі инженерлері институтының ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы болып ауыстырылады.
Бейсеналин Шабан Бахрудинұлы 1959–1961 жж. техникум директоры болды. 1941 жылы ТашТЖКИИ бітірген ол еңбек жолын паровоз машинисінің көмекшісі болып бастап, паровоз машинисі, тепловоз машинисі, депода инженер болып жұмыс істейді. 1950 жылы Алматыдағы «Жол-техникалық» мектебінің бастығы болып тағайындалады. Еңбегі бағаланып, 1951 жылы «Үздік паровозшы» төсбелгісімен, одан кейін «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 40 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 50 жыл» медалімен марапатталады.
Ол техникум директоры болып тағайындалған 1959 жылы «кешкі оқу» бөлімін ашты. Оқу орнының материалдық базасын жақсартуға өз үлесін қосты. 1961 жылы қайтадан «Жол-техника» мектебінің бастығы болып ауыстырылды.
1961–1965 жж техникум директоры болған Хасенов Сатыбай Хасенұлы Петропавлдағы теміржол техникумының түлегі. Еңбек жолын станция кезекшісі болып бастап, 1937–1944 жж. Бурабай станциясында пойыз диспетчері қызметін атқарады. Ерен еңбегі үшін «Сталин үндеуінің екпіндісі» төсбелгісімен марапатталады. 1944 жылы Ақадыр станциясы бастығының орынбасары, кейін бастығы болады. «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталады. Екі жыл Жаңарқа жол бөлімшесінің бастығы болады. 1953 жылы Москва ТЖКИИ бітіріп келіп, Қарағанды теміржолының «Жаңарқа» бөлімшесінің бастығы, одан кейін «Алматы жол» бөлімшесінің бастығы болады. Оның басшылығымен «Ақтоғай – Достық» теміржолы, «Достық» станциясы салынады, «Алматы-1» станциясы дамытылып, «вагон» депосы пайдалануға беріліп, «локомотив» депосы дамытылды.
Еңбегі лайықты бағаланған Сатыбай Хасенұлы «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталады. Қарағанды, Алматы облыстық кеңесінің депутаты болып сайланады. Өзі теміржолдағы жұмысын атқара жүріп теміржол терминдерінің орысша-қазақша сөздігін құрастырған адам.
1961 жылы Алматы теміржол техникумының директоры болып тағайындалғаннан кейін ол оқу кабинеттері мен зертханаларды талапқа сай жабдықтауды қолға алды. Техникумның спорт базасын жақсарту бойынша Шевченко мен Амангелді көшесінің қиылысында спортзал салуды жоспарға енгізу, оның жоба-сметалық құжатын жасату бойынша көп жұмыс атқарды.
Ол директор болып тұрған кезде техникумның құрама командасы ССРО ЖҚМ ұйымдастырған спорттық жарыстың бәріне қатысатын. Соның нәтижесінде оқу орнынан Нұрмаханов А., Малиновский С., Омаров А., Каретников Ю. сияқты атақты спортшылар өсіп шықты.
1965 жылы жалпы ауданы 1629 м² спорт залының, 420 м² акт залының, 420 м² асхананың, 240 орындық жатақхананың жоба-сметалық құжатын бекітуге қол жеткізді. Сатыбай Хасенұлы теміржолды дамытушы ғана емес, сонымен қатар оқу орнының дамуына зор үлес қосқан басшы ретінде оның тарихында қалды.
Сатыбай Хасенұлы 1965 жылы Қазақ теміржолының техникалық бөлімінің бастығы қызметіне ауыстырылды. 1978 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
Беглов Михаил Борисович еңбек жолын паровоз машинисі болып бастап, «Алматы вагон жасау» зауытының директорына дейін көтерілген адам. Ол «паровоздың, вагонның автоматты тежегіші» пәнін өте жетік білген маман. 1946–1950 жж. техникумда оқытушы болып жүрген кезінде біліктілігімен, іскерлігімен көзге түсіп, 1965 жылы техникум директоры болып тағайындалады. Сол жылы спорт залының құрылысы қолға алынып, 1967 жылы пайдалануға берілді. 1967 жылы техникум социалистік міндеттемесін орындауда қол жеткізген жетістігі үшін Қазақстан КП ОК, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің, Казсовпрофтың Құрмет грамотасымен марапатталады.
1972–1973 жж. оқу корпусына қосымша салынып пайдалануға берілді. Бұл оқу кабинеттерін кеңейтуге мүмкіндік берді. Акт залы, асхана жұмыс істей бастайды. 1965 жылы «Теміржол көлігіндегі автоматика және телемеханика мен байланыс» мамандығы бойынша оқу бітірген алғашқы түлектер өндіріске жолдама алды.
Сапалы маман даярлау үшін теміржолда пайдаланылатын құрал-жабдықпен жұмыс істейтін макет құру қажет болды. М.Б. Беглов, Н.И.Толстопятов, А.А.Агапов, В.П. Жеребятьев, М.И. Чернин сияқты әріптестерін ұйымдастырып, ғимараттың жертөлесін бөліп тұрған қабырғаларды бұзып, есік ашып, оқу кабинетіне айналдырды. 8 кабинетте станция кезекшісінің пульт-таблосы, кіріп-шығу бағдаршамы жұмыс істейтін станция, бағыттамалық бұрма, реле мен реле шкафтары орнатылған аралық макеті құрастырылды. Соның нәтижесінде оқушылар автоблоктау мен электрлендірілген орталықтандыру құрылғысына толық техникалық қызмет көрсетуді көзбен көріп, оқи алатын болды. 1970 жылы аталған зертханалар ССРО ЖҚМ қарасты 102 техникум арасында ең үздік болып танылып, грамотамен марапатталды. Техник даярлаудағы және техникумның базасын жаңа техникалық құрал-жабдықпен жарақтандырудағы еңбегі үшін техникум директоры М.Б. Беглов пен оқытушы Н.И. Толстопятов «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды.
1971 жылдан техникумда оқытушы болып қызмет атқарып келген А.Ф. Ильин 1975 жылы техникум директоры болып тағайындалды. 1978–1979 оқу жылында күндізгі бөлімде – 1060 оқушы, сырттай оқу бөлімінде – 860 оқушы оқыды. Оқушы саны артқан сайын оқуды екі, тіпті үш ауысымда ұйымдастыруға тура келді. Осыған байланысты А.Ф. Ильин жоғары органдарға сұрау салды. Соның нәтижесінде жаңа салынған институт ғимаратының 2-қабатынан техникумға 8 аудитория бөлінді.
1979 жылы оқытушылар саны 86 адамға жетті. Оның ішінде: 15 адам көлік саласы кадрларын тәрбиелеудегі ұзақ жылғы еңбегі үшін Совет одағының орден, медалдарымен марапатталған педагогтер еді. Бұл кезде оқу корпусының жалпы ауданы – 2700 м², оқу кабинетінің жалпы ауданы – 578 м², клуб ауданы – 205 м², спорт залының ауданы – 120 м² құрайтын. Библиотекадағы кітап қоры – 12500 данаға жетті. 450 орынды жатақхана, 4 шеберхана, 24 арнайы оқу кабинеті, 14 зертхана жұмыс істеп тұрды.
1981 жылға дейінгі аралықта А.Ф. Ильин оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша көп еңбек сіңірді. Оның бастамасымен техникум музейі құрылды. Онда оқу орнын әр жылдарда бітірген түлектер мен онда сабақ берген оқытушылар, ҰОС қатысушылар туралы материал жинақталды.
Мұқашев Айтбай Шәкірбекұлы 1981– 1986 жж. аралығында оқу орнының директоры болды. Ол 1966 жылы ТашТЖКИИ бітіргеннен кейін вагон шаруашылығында бригадир, шебер, аға шебер, аға инженер, пойыз қозғалысы қауіпсіздігі бойынша ревизор көмекшісі, Алматы жол бөлімшесі вагон бөлімінің бастығы, бөлімше бас инженері болып жұмыс істеген тәжірибелі теміржолшы болған. Өндірісте ұзақ жыл жұмыс істеген инженер ретінде ол оқуды тәжірибемен ұштастыруға үлкен мән берді. Өндірістік практиканы жолға қойды.
Баймұхамбетов Қуандық Сейсембайұлы 1986–2014 жж. Алматы теміржол техникумының директоры болды. Ол – осы оқу орнының 1968 жылғы түлегі. Еңбек жолын 1967 жылы белгі беру және байланыс дистанциясында слесарьлықтан бастаған. ТашТЖКИИ-ді бітірген. Оқу бітіргеннен кейін темірбетон бұйымдары зауытының конструкторлық бюросында аға инженер болып жұмыс істейді. 1971 жылдан Алматы теміржол техникумының өндірістік оқу шебері, кәсіподақ ұйымының төрағасы, оқытушы, бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. 1983 жылдан директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары, 1986 жылы техникум директоры болып тағайындалды.
1988-1990 жылдарда Совет одағы тарқауға бет алған кезде оқу орындарын қаржыландыру тоқтап қалды. Сондай кезде Қуандық Сейсембайұлы қаржының қосымша көзін тауып, содан түскен табысқа оқу ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізді. 1997 жылы оқу орны Алматы қалалық Білім департаменті қарауына өтті. Департамент директоры Гүлмира Есімбаева кәсіптік білім беретін колледждерді сақтап қалуда көп еңбек сіңіргенін атап өткеніміз жөн. Бюджет тапшылығына қарамастан Гүлмира Естайбекқызы арнайы кәсіби білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық жарақтандырылуына бөлінетін қаражатты қысқан жоқ. Соның арқасында талай жұмыс жүзеге асырылды. Біз оқушы контингентін сақтап қала алдық.
Қуандық Сейсембайұлының басшылығымен оқу орнының материалдық-техникалық базасы жақсарып, білім сапасы артты. 1991 жылы Кеңес одағы тарқап, экономикалық байланыс үзілген кездегі қиындыққа қарамастан ұжымды сақтап қалды. Одан кейінгі жылдарда колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартты. Оқушылар саны – 960, оқытушы саны – 109, сырттай оқитындар саны – 800-ге жетті. Осы жылдарда 1930 жылы 480 орынға арнап салынған ғимаратта оқу екі ауысымда ұйымдастырылатын. Сондықтан осы кезге дейін қойма ретінде пайдаланылып келген ғимарат жертөлесіне жөндеу жүргізіліп, аудиторияға айналдырылды. Бұдан басқа да мүмкіндік есебінен 10 оқу аудиториясы құрылды.
Қуандық Сейсенбайұлының басшылығымен 1987 жылы Теміржолдың электрлік жүйесін электрмен жабдықтау, пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бөлімі ашылды. Оқу ғимаратына, жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Жол дистанциясынан алынған ақаутапқыш арбаны жөндеуден өткізіп, оқу құралы ретінде пайдаланды. Сонымен қатар, теодолит, дефектоскоп, мадерон, т.б. құрал-жабдықпен толықтырды. Оқу кабинеті мен зертханалар аудио және бейнемагнитофондармен жарақтандырылды. Колледж ауласындағы теміржол полигоны тәртіпке келтірілді
Теміржол тартымының тепловозбен қатар, электровозға көшірілуіне байланысты бөлім атауы «Теміржол жылжымалы тартым құрамына техникалық қызмет көрсету және жөндеу мен пайдалану» болып өзгерді. Оқу кабинетіне көрнекі құрал ретінде дизелдің кесіндісі мен тепловоз кабинасы орнатылды. 2006 жылы «Жылжымалы құрамның автотежегіші» оқу кабинеті, 2007 жылы Тор-вест-видео кешені, 2008 жылы ВЛ80С электровозын басқару бойынша тренажер кешені, 2009 жылы электровоз машинистерін дайындауға арналған тренажер кешені сатып алынды. 2010 жылы электровоздың электрлік аппаратының схемалары зертханасы құрылды.
Оқу полигонында түйіспе желіде қолданылатын тірек-бағандар орнатылып, әртүрлі оқшаулағыш пайдаланылған түйіспе желі тартылды. Кабинетте жұмыс істеп тұрған қосалқы станциялар орнатылды. Оқу үрдісіне интерактивті тақта, компьютер техникасы қолданылатын болды. 10 стенд сатып алынды. Олардың әрқайсысында әртүрлі 7 – 32 зертханалық жұмыс орындауға болады. Спорт залы, акт залы, жатақхана, асхана, кітапханада оқушылардың сапалы білім алып, толыққанды демалып, спортпен айналысуы үшін жақсы жағдай жасалды.
Нусупбеков Ержан Серікұлы 2015-2023 жж. Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжінің директоры болды. Ержан Серікұлының басшылығымен "ВЛ80С Электровоз машинисінің басқару пульті","Алғашқы көмек көрсету негіздері", "Штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде өртті сөндіру құралдары" Зертханалық-тренажер кешені; Тор-вествидео зертханалық-тренажер кешені-ВЛ-80с Электровоз машинисінің басқару пульті (тренажер) сатып алынды.